Әкімшілік құқық бұзушылық
Әкімшілік құқық бұзғаны үшін жеке тұлғаға мынадай әкімшілік жазалар қолданылуы мүмкін:
- ескерту жасау;
- әкiмшiлiк айыппұл;
- әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не нысанасы болған затты, сол сияқты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу;
- арнайы құқықтан айыру;
- рұқсаттан айыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ тiзiлiмнен алып тастау;
- қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу;
- заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу;
- әкімшілік қамаққа алу;
- шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу.
Ескерту жасау, әкiмшiлiк айыппұл, әкімшілік қамаққа алу негiзгi әкiмшiлiк жазалар ретiнде ғана қолданылуы мүмкiн
Арнайы құқықтан айыру, рұқсаттан айыру не оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ тізілімнен алып тастау, қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу, сондай-ақ шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жіберу негiзгi, сол сияқты қосымша әкiмшiлiк жазалар ретiнде қолданылуы мүмкiн.
Тәркілеу, заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу қосымша әкімшілік жаза ретінде ғана қолданылуы мүмкін
43-бап. Ескерту жасау
1. Ескерту жасау әкiмшiлiк жаза қолдануға уәкiлеттiк берілген соттың, органның (лауазымды адамның) жасалған құқық бұзушылыққа ресми түрде терiс баға беруiнен және жеке немесе заңды тұлғаны құқыққа қарсы мiнез-құлыққа жол беруге болмайтындығы туралы сақтандырудан тұрады. Ескерту жасау жазбаша нысанда шығарылады.
2. Осы Кодекстің 57-бабында және 366-бапқа ескертпеде көзделген мән-жайлар болмаған кезде әкімшілік жаза қолданатын сот (судья), орган (лауазымды адам) осы Кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті бабында көзделген ескерту жасауды қолдануға міндетті.
44-бап. Әкiмшiлiк айыппұл
1. Әкiмшiлiк айыппұл (бұдан әрi – айыппұл) – осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгінiң баптарында көзделген жағдайларда және шекте әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн салынатын, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған кезде қолданыста болған заңға сәйкес белгiленетiн айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр мөлшерiне сәйкес келетiн мөлшерде ақша өндiрiп алу.
Осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң баптарында көзделген жағдайларда айыппұл мөлшерi:
1) қоршаған ортаға келтiрiлген зиян сомасының;
2) орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған салық мiндеттемесi сомасының;
3) төленбеген (аударылмаған), уақтылы және (немесе) толық төленбеген (аударылмаған) әлеуметтiк аударымдар сомасының;
4) аударылмаған, уақтылы және (немесе) толық есептелмеген, ұсталмаған (есепке жазылмаған) және (немесе) төленбеген (аударылмаған) мiндеттi зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары сомасының;
5) заңсыз кәсiпкерлiк нәтижесiнде алынған акцизделетiн тауарлар құны сомасының;
6) Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес есепке алынбаған не тиiсінше есепке алынбаған соманың;
7) Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасын бұза отырып жасалған (жүргiзiлген) мәмiле (операция) сомасының;
8) монополистiк қызметтi жүзеге асыру немесе Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы, табиғи монополиялар туралы заңнамасын, қаржы нарығының және қаржы ұйымдарының қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу нәтижесiнде алынған кіріс (түсiм) сомасының;
9) құқық бұзушылық жасалған, бiрақ бiр жылдан аспайтын кезеңде бекiтiлген нормативтерден тыс пайдаланылған энергетикалық ресурстар құнының;
10) есепке жатқызылмаған ұлттық және шетел валютасы сомасының;
11) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдардың және (немесе) жарналардың төленбеген (аударылмаған), уақтылы және (немесе) толық төленбеген (аударылмаған) сомасының пайызымен көрсетiледi.
Егер осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң баптарында көзделген айыппұл мөлшерi Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасының нормаларын бұза отырып жүргiзiлген операция сомасының пайызымен көрсетiлсе және мұндай операция шетел валютасымен жүргiзiлсе, айыппұл сомасын теңгемен қайта есептеу әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген ресми бағам бойынша жүзеге асырылады.
2. Жеке тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшерін екі жүз айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
Лауазымды адамға, жекеше нотариусқа, жеке сот орындаушысына, адвокатқа, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдарға салынатын айыппұлдың мөлшерiн жеті жүз елу айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
Орта кәсiпкерлiк субъектiлеріне салынатын айыппұлдың мөлшерiн бір мың айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
Iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне салынатын айыппұлдың мөлшерiн екi мың айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң екiншi абзацына сәйкес есептелген айыппұл осы бапта көрсетiлген айыппұлдардың белгiленген мөлшерлерiнен асатын немесе одан кем мөлшерде белгiленуi мүмкiн.
4. Айыппұл Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк бюджет кiрiсiне өндiрiп алынады.
45-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған затты, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған затты, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу оларды заңнамада белгiленген тәртiппен мемлекет меншiгiне мәжбүрлеп өтеусiз айналдырудан тұрады.
Меншiк иесiне қайтарып беруге жататын не айналымнан алынған затты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғаның заңсыз иелiгiнен алып қою тәркiлеу болып табылмайды. Айналымнан алынған зат мемлекет меншiгiне айналдыруға немесе жойылуға жатады.
2. Егер осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнде өзгеше көзделмесе, құқық бұзушының меншiгi болып табылатын зат қана тәркiлеуге жатады.
3. Аңшылық қаруды, оның оқ-дәрiлерiн және басқа да рұқсат етiлген аң аулау және балық аулау құралдарын тәркiлеудi аң аулау (балық аулау) өмiр сүруiнiң негiзгi заңды көзi болып табылатын адамдарға қолдануға болмайды.
4. Тәркiлеудi судья қолданады және бұл осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында әкiмшiлiк жаза ретiнде көзделген жағдайларда қолданылуы мүмкiн.
46-бап. Арнайы құқықтан айыру
1. Нақты адамға берілген арнайы құқықтан айыруды судья қолданады.
2. Арнайы құқықтан айыру мерзiмi бiр айдан кем болмауға және екi жылдан аспауға тиiс.
3. Көлiк құралдарын басқару құқығынан айыру мерзiмi алты айдан кем болмауға және он жылдан аспауға тиіс.
4. Көлiк құралдарын басқару құқығынан айыруды, көлік құралын масаң күйде басқару не масаң күйдi куәландырудан белгiленген тәртiппен өтуден жалтару, сондай-ақ аталған адамдардың белгiленген қағидаларды бұзып, өздерi қатысушысы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалу жағдайларын қоспағанда, бұл құралдарды мүгедектiгiне байланысты пайдаланатын адамдарға қолдануға болмайды.
5. Аң аулау, балық аулау құқығынан, аң аулау қаруын, оның оқ-дәрiлерiн және балық аулау құралдарын сақтау мен алып жүру құқығынан айыруды, осы құқықты пайдалану тәртiбiн үнемi бұзуды қоспағанда, аң аулау (балық аулау) өмiр сүруiнiң негiзгi заңды көзi болып табылатын адамдарға қолдануға болмайды.
47-бап. Рұқсаттан айыру не оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ тiзiлiмнен алып тастау
1. Рұқсаттан айыру не оның қолданысын тоқтата тұру рұқсатта көзделген қызметті жүзеге асыру не белгілі бір әрекеттердi (операцияларды) жасау кезiнде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн қолданылады.
1-1. Рұқсаттан айыруды не оның қолданысын тоқтата тұруды осы баптың үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы және 6-1-бөліктерінің ережелерін ескере отырып, судья, уәкілетті орган (лауазымды адам) қолданады.
2. Рұқсаттың қолданысын тоқтата тұру мерзімі бір айдан кем болмауға және алты айдан аспауға тиіс.
3. Кредиттiк бюроның рұқсатынан айыруды қоспағанда, қаржы саласындағы қызметтi және қаржы ресурстарын шоғырландырумен байланысты қызметтi жүзеге асыруға рұқсатты тоқтата тұруды не одан айыруды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген негiздер бойынша және тәртiппен құзыреттері шегінде қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
4. Тiзiлiмнен алып тастауды Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгiленген негiздер бойынша және тәртiппен кеден iсi саласындағы уәкiлеттi орган және Қазақстан Республикасының жол жүрiсi туралы заңнамасында белгiленген негiздер бойынша және тәртiппен көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
5. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың тiзiлiмiнен алып тастауды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында белгiленген негiздер бойынша және тәртiппен жүзеге асырады.
6. Коллекторлық агенттіктердің тізілімінен шығаруды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен жүзеге асырады.
6-1. Төлем ұйымдарының тізілімінен алып тастауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен жүзеге асырады.
7. Егер жүзеге асырылуы кезінде әкімшілік құқық бұзушылық жасалған қызмет лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрі болып табылса, рұқсаттан айыру не рұқсатты тоқтата тұру түріндегі әкімшілік жаза лицензияланатын қызмет түрінің нақты кіші түріне ғана қолданылады.
Ескертпе. Осы Кодекстің мақсаттары үшін рұқсаттан айыру, оның қолданысын тоқтата тұру деп лицензияланатын қызмет түрін немесе оның кіші түрін жүзеге асыруға арналған лицензиядан, арнайы рұқсаттан, бiлiктiлiк аттестатынан (куәлiгінен) не қызметтің белгілі бір түріне немесе кіші түріне не белгілі бір әрекетті жасауға, сондай-ақ «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге де рұқсат беру құжатынан айыру не оның қолданысын тоқтата тұру түсініледі.
48-бап. Қызметті немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу
1. Қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру немесе оған тыйым салу жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, оның ішінде заңды тұлғалардың филиалдарының, өкілдіктерінің, құрылымдық бөлімшелерінің, өндірістік учаскелердің қызметін уақытша тоқтатуды немесе қызметіне немесе оның жекелеген түрлеріне тыйым салуды, сондай-ақ агрегаттарды, ғимараттар мен құрылыстарды пайдалануға, қызметтің (жұмыстардың), қызметтер көрсетудің жекелеген түрлерін жүзеге асыруды уақытша тоқтатуды немесе тыйым салуды қамтиды.
2. Қызметті немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу, егер әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін қызметті тоқтата тұру не оған тыйым салу түрінде санкция тағайындау мүмкін болса, сот тәртiбiмен жүргізіледі немесе оны әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) жүргiзедi. Мұндай істерді қарау он тәулік ішінде жүзеге асырылады.
3. Қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру үш айға дейінгі мерзімге белгіленеді.
4. Іс қаралғанға дейін жеке немесе заңды тұлғаға осы Кодекстің 801-бабында көзделген тәртіппен қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу түрінде қамтамасыз ету шарасы қолданылуы мүмкін. Бұл жағдайда қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу мерзімі, егер әкімшілік жазалаудың бұл шарасы істі қарау кезінде қолданылатын болса, қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру не оған тыйым салу мерзіміне қосылады.
49-бап. Заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу
Заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзуды судья осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң баптарында көзделген жағдайларда тағайындайды.
50-бап. Әкiмшiлiк қамаққа алу
1. Әкімшілік қамаққа алу – отыз тәулікке дейінгі, ал төтенше жағдайлар режимі талаптарын бұзғаны үшін қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге белгіленеді. Әкімшілік қамаққа алуды судья айрықша жағдайларда осы бөлімнің Ерекше бөлігінде көзделген шектерде тағайындайды.
2. Жүктi әйелдерге және он төрт жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, он сегiз жасқа толмаған адамдарға, 1 және 2-топтағы мүгедектерге, сондай-ақ елу сегiз жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастан асқан еркектерге және он төрт жасқа толмаған балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге әкiмшiлiк қамаққа алуды қолдануға болмайды.
3. Әкiмшiлiк ұстап алу мерзiмi әкiмшiлiк қамаққа алу мерзiмiне қосылады.
51-бап. Шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жіберу
1. Шетелдiктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жіберуді судья осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнде көзделген тәртiппен және негiздер бойынша әкiмшiлiк жазалау шарасы ретiнде қолданады.
Осы бөліктің ережелерi шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасында көзделген тәртiппен жүзеге асырылатын шығарып жiберу жағдайында қолданылмайды.
2. Егер әкiмшiлiк iс жүргiзу барысында өзіне қатысты Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жіберу түрiнде әкiмшiлiк жазалау шарасы қолданылуы мүмкiн адам, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыс болып танылатын іс-әрекеттің өзiне қатысты жасалғаны туралы хабарланған жағдайда, онда осы адамға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексiнiң 179-бабында белгiленген тәртiппен хабарлама немесе арыз бойынша шешiм қабылданғанға дейiн кейiнге қалдырылады.