№3 Смирново орта мектебінің кітапханасында «Ғабиден Мұстафиннің туғанына 120 жыл» тақырыбы бойынша кітап көрмесі ұйымдастырылды және презентация дайындалды. Дархан даланың дүлділі Ғабиден Мұстафин – әдеби шығармаларымен қазақ әдебиетінің проза жанрын дамытқан көрнекті қазақ жазушысы.
Ғабиден Мұстафин 1902 жылы Қарағанды атырабында Нұра өзені бойындағы Сартөбе деген жерде шағын дәулетті отбасында дүниеге келген. Жасында ауыл молдасынан оқып хат таныған болашақ жазушының адамшылық, имандылық тәрбиесіне әділдігімен, шариғат жолына тазалығымен аймағына беделді болған әкесі Мұстафа қажының ықпалы зор болған. Мұстафиннің орысша оқуы Спасск зауытындағы орыс-қазақ мектебінен бірер жыл сабақ алуымен шектелген. 1918 – 1925 жылдары әр түрлі әкімшілік қызметтер атқара жүріп, өмір «мектебінен» көп сабақ алған Ғ.Мұстафиннің «Сәрсен мен Боқаш» деген алғашқы тырнақалды әңгімесі 1927 жылы «Жыл құсы» альманағында жарияланған және осы жылы «Ер Шойын және басқалар» атты тұңғыш жинағы жарыққа шыққан. Өзінің қаламгерлік қайратын әңгіме жанрынан бастаған Ғ.Мұстафиннің «Тұтқын», «Күлмеген адам», «Құлаған құз», «Керуен», «Қашқын», «Қан» деген әңгімелері, «Айғақ» атты шағын пьесасы бар. Алғашқы романы 1941 жылы «Өмір не өлім» деген атпен жарыққа шыққан. Жазушының «Шығанақ», «Миллионер», «Қарағанды», «Дауылдан кейін», «Көзкөрген» атты көлемді шығармалары қазақ әдебиетінің роман жанрына қосылған бай мұра қатарына жатады. Ғ.Мұстафиннің дерекке негізделіп, нанымды бейнелер жасаған, тары өсіруден бірнеше рет дүниежүзілік рекорд жасаған диқан ата Шығанақ Берсиев өмірін шынайы реалистік сипатпен суреттеген «Шығанақ» романы 1945 жылы жарыққа шыққан.