Төлен Әбдікұлы – адамның ішкі жанын қопара зерттеп жазатын қаламгер. Оның қаламынан туған әңгімелер қазақ прозасына тақырыптық қана емес, философиялық, психологиялық тұрғыдан да орасан зор жаңалықтар әкелді. Жазушының сөзбен сомдаған әр образы, әр кейіпкері өзіндік мінезімен, ой қайшылығымен ерекшеленеді. Кейіпкерлерін қоршаған ортамен құндылықтар қақтығысына түсіру арқылы мәңгі адамзаттық мәселелерді көтеріп, шешімін іздейді.
Қаламгер әңгімелері адам жанының кейбір беймәлім тұстарын сипаттайтынымен, оның себебін табуға ұмтылатынымен ерекше. Екіұдай күй кешу, құндылық қайшылығы, өзін тануға, жаратылыстың құпия сырларын ашуға талпыну, сондай-ақ ұлттық характерді бейнелеу тұрғысындағы жазушының көркем де ұтымды қаламгерлік қасиеті оның әңгімелерін, жалпы прозасын қазақ әдебиетінің шоқтығы биік туындыларының қатарына қосты.
Төлен Әбдікұлы шығармаларындағы шоқтығы биік туындының бірі – «Қонақтар» әңгімесі. Шағын ғана әңгіменің идеясы мен айтар ойы тереңде.
Бір қарағанда, «Қонақтар» әңгімесі әке мен ұлдың арасында немесе ата-ана мен бала арасында ренішті, көңілтолмаушылық пен зілді суреттеген шығарма болып көрінуі мүмкін. Алайда әңгіменің айтар ойын одан да терең, одан да биік ұғымдардан іздеуге болады.
Ерғабыл қарияның жалғыз ұлы Сапабекке көңілі толмайтыны, үміті мен разылығын ақтамаған перзенті екені рас. Алайда Сапабектің өзі елге белгілі геолог, шетел аралаған, табысы мол маман. Бірақ Ерғабыл қарияға мұның керегі шамалы. Оған ұлының қара шаңырақты құрметтеп, ата салтты ұстанғаны, ата-ананы сыйлап, қамқорлық танытқаны қажет.