Қазақ мектебінің 30 жылдығы аталып өтті

Қарашаның 3-і №3 Смирново орта мектебінің 30 жылдығы аталып өтті. Бүгінгі күні қазақтың қара шаңырағында 243 оқушыға 32 мұғалім дәріс береді. Ашылғанына небәрі 30 жылдай уақыт болса да өзіндік үрдісі, дәстүрі қалыптасқан өзіне тән тарихы бар.

Аталмыш іс-шараға Аққайың ауданы әкімі Рүстем Мұқашұлы Елубаев, еңбек ардагері Жұмабек Сансызбай, Аққайың аудандық «Аманат» партиясы филиалының төрағасы Мұқанов Сәбит Өмірзақұлы  мектебіміздің іргесін қалаған алғашқы директор Жакупов Еркін Айдарбекұлы,  алғашқы ұстазымыз Кашенова Әсемгүл Зәйтүнқызы, 2012 жылғы түлектеріміздің бірі Шамшитов Арман Тұрлыбекұлы, ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты жақсарту  «Үштік одақ» ұйымының мүшесі Усенов Хожабек Дәнебайұлы қатысты. Құттықтау сөздерін айта отыра, отыз жылдық белестің асқарын да айтып өткен ел майталмандары келер жылы жаңа қазақ мектебінің іргесі қаланатыны туралы тілге тиек етті. Сонымен қатар отыз жылға жуық мектебімізде қызмет еткен әріптестер де марапатталды.

2002 жылы шыққан алғашқы түлектерімізден бастап барлық түлектер өздерінің жылы лебіздерін арнады.  

Мектеп оқушылары мен түлектерінің шағын концерттік бағдарламасы мен іс-шара жалғасын тапты.

Қосымша ақпарат көздері