Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 125 жыл

№3 Смирново орта мектебінің кітапханасында қазақтың ұлы жазушысы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай «Әлем таныған Әуезов» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Мұхтар Әуезовтің төлмерекесінің аясында жазушының шығармалары бойынша 5 сынып оқушыларымен әңгіме- саяхат өткізілді.

«Көксерек» — адам мен табиғат арасындағы байланысты көрсететін шығарма. Авторы – Мұхтар Әуезов. Бұл әңгіме 1929 жылы жазылған. Реалистік әдебиет дәстүрі тудырған мотивтерді шеберлік палитрасындағы сан алуан бояулар мүмкіндігін өз мұратына орай өнерпаздықпен жаңғырту арқылы жазылған жаңа тынысты шығарма.

Автор шағын көлемге мол мағына сыйдырған. Адам қолында өскен, бірақ адамға қиянат еткен, оның ет-бауырын езіп, жара сапған көкжал сол адам қолынан өлім тапты. Образды ой символдық ойға, әуенді сарын үлкен идеяға ұласып, сахара топырағындағы шындықты қанық бояу, айқын колоритпен бейнелеген «Көксерек» бір әдебиет шеңберінен биіктеп көтеріліп, әлемдік жауһарлар қатарына қосылған.

Әңгімеде қасқыр, табиғат, адам мәселесі сөз болады, жаратылыстағы адам мен табиғат теңдігінің қатынас дәрежесі көрсетіледі. Адамдар табиғаттың өз заңдылығына қарсы шығып, қасқырлар мекенін ойрандап, оның күшігін енесінен айырып, ауыл тұтқыны етті. Бірақ қасқыр есейген сайын бостандықты сағынады.

Табиғат – күллі тіршілік атаулының құтты қоныс мекені, алтын ұя, тал бесігі. Табиғат дегеніміз айналадағы қоршаған орта.

Табиғаттың тыныштығын бұзбау керек. Табиғаттағы барлық нәрселер өзіне жарасымды болып тұрады. Бірақ «Көксерек» әңгімесінде адамдар табиғатқа қиянат жасайды. Қасқыр да осы табиғаттың бір бөлшегі. Егер де біз осы табиғаттағы аң – құстарға қиянат жасасақ, табиғатқа көрік беріп тұрған барлық әсем нәрселерімізден айырыламыз.

Қосымша ақпарат көздері